Алматыда Қарғалы, Ақсай су жинағыштарын іске қосуға дайындық жүріп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының Наурызбай ауданында ауыз су мәселесін шешу үшін екі су жинағыш пен 104,2 км инженерлік желілер салынып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда Қарғалы, Ақсай су жинағыштарын іске қосуға дайындық жүріп жатыр

Наурызбай ауданында Қарғалы су жинағышын салу жұмыстары 92%-ға орындалды, құрылыс жұмыстары келесі жылдың көктемінде аяқталуы тиіс.

«Су жинағыштың өзін 2023 жылдың маусым айында пайдалануға береміз. Объектіні іске қосу өндірістік қуаттылықты тәулігіне 15 мың текше метрге дейін 2 есе арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде «Қарағайлы», «Құрамыс» және «Таусамалы» шағын аудандарына үздіксіз сапалы су берілетін болады.

Ақсай су жинағышы бойынша жер қазу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл объектіні 2025 жылдың III тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған және ол 100 мың тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Ерболат Досаев.

Ол сондай-ақ, «Таусамалы», «Шұғыла», «Ақжар» шағын аудандарына жоспарланған 104,2 км желінің 79,6 км салынып біткенін, қалған 24,6 км 2023 жылдың маусым айына дейін аяқталатынын мәлімдеді.