Алматыда кәріз құдығының люгі көлікті зақымдады
Кәріз қақпағының аспанға атылып, жеңіл автокөлікті зақымдаған видеосы әлеуметтік желіде тарады.
«Кәріз қақпағы көлігімді қиратты. Өтіп бара жатқан адамдардың сөзінше, кәріз қақпақтары жолдың қарсы бетінде және Саин-Рысқұлов көшелерінің қиылысында да аспанға ұшқан (мұнда да көлік бүлінген). Шамасы кәріз жүйесінде газ атылған болса керек. Енді көлігімнің шығынын кім өтейтінін білмеймін», - деп жазды көлік иесі желіде.

Осыған байланысты «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берді. Компанияның мәліметінше, зақымдалған көлікті «Алматы Су» МКК қалпына келтіретін болады.
«10 мамырда Саин даңғылындағы автотұрақта тұрған автокөлік су бұру жүйесінде орнатылған жабық кәріз құдығынан аспанға ұшқан люктің салдарынан зақымданды. Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Болған жағдайдың себебін анықтау үшін арнайы ішкі комиссия құрылды. Зақымдалған автокөлік ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен «Алматы Су» МКК көмегімен қалпына келтіріледі», - деп хабарлады компаниядан.
