Алматыда «Қарлы Алан» паркі ашылды

АЛМАТЫ. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -Демалыс күні Алматыдағы Медеу мұз айдынының оңтүстік жағында «Мәдени Азиада» бағдарламасы аясында «Қарлы Алан» паркі ашылды.

Алматыда «Қарлы Алан» паркі ашылды

Мұз бен қардан жасалынған паркте әр түрлі жасқа арналған мұзды сырғанақтармен қатар, мұздан жасалынған лабиринттер, пирамидалар, қармен атысып ойнайтын дауалдар, слалом жолдар, балалардың ойындарына арналған алаңдар бар. Парк әр жылдары Азия ойындарының символдары-бойтұмарлары болып табылатын бейнелермен әсемделген. Мұз қалашығының дәл ортасында еліміздегі Азия ойындарының бойтұмары болып табылатын «Алан» бейнесі тұрғызылған. Парктің жалпы көлемі 70 шаршы метр.

Аталмыш паркті жасаушы «Sky Eagle» турфирмасының директоры Әсел Әлішерованың айтуынша, паркті жасауда біраз қиындықтар болған. «Биыл қар аз түскендіктен қарды тау етектерінен жинауға тура келді. Бұл паркті желтоқсан айының аяғынан бастап жасай бастадық. Қалашықты тұрғызуға 12 адам тартылды, оның ішінде құрылысшылармен қатар, суретшілер де бар. Біз бар өнерімізді салып жасадық. Әр Азия ойындарының бойтұмарларын жасауға бір аптадан аса уақыт кетті. Мұзды қалашық ерігенше, паркке қаланың мектеп оқушылары мен балалар үйлерінде тәрбиеленуші жеткіншектер арнайы шақырылатын болады»,-деді ол. Оның айтуынша, парк сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейтін болады.

Паркте сонымен қатар Қазақ ауылы бой көтерген. «Ақ отаудың» коммерциялық директоры Ләззат Лұқпанның айтуынша, этноауылды тұрғызудағы басты мақсат Азиада қонақтарына ата бабаларымыздың салт дәстүрін, ұлттық тағамдарды таныстыру болып табылады.