Алматыда қарт адамдарға қалай қамқорлық жасалады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Жәнібек Қаратаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мегаполисте қарт адамдарға қалай қамқорлық көрсетіп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда қарт адамдарға қалай қамқорлық жасалады

Оның айтуынша, қарт адамдар — кейінгі ұрпақ үшін бағдар.

«1 қазан - Халықаралық қарттар күні. Бұл күн бізге аға буынның тағдыры туралы ойлануға, ел мен қаламыздың дамуына үлкен үлес қосқан адамдарға өз ризашылығымыз бен сүйіспеншілігімізді білдіруге мүмкіндік береді. Қарттар күні – бұл егде жас келерін еске салу емес, жас ұрпақты тәрбиелегені, қажырлы еңбегі үшін ортақ алғыс білдіру күні», - деді ол.

Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Алматы әкімдігі егде жастағы азаматтарға толыққанды өмір салтын жүргізуге мүмкіндік беретін жағдайлар жасау бойынша бірқатар шара қабылдап жатқанын жеткізді.

Қазір Алматыда шамамен 231 мың зейнеткер бар. Жыл сайын қалалық бюджеттен материалдық және әлеуметтік қолдау көрсетуге қомақты қаражат бөлінеді.

Жәнібек Қаратаев қалада мұқтаж отбасыларға әлеуметтік төлемдердің 17 түрі көрсетілетінін атап өтті.

Зейнеткерлерге, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне Жеңіс күніне орай төлемдер жүзеге асырылады және коммуналдық қызметтер үшін шығындар өтеледі. Бұдан басқа, суды, газды есепке алу аспаптарын және газ жабдығын орнату тегін.

Жасы бойынша зейнеткерлерге базалық зейнетақыны есептемегенде 25% төлеммен санаторлық-курорттық емдеу қызметі ұсынылады.

«Әлеуметтік төлемдер өтініш негізінде және белгілі бір өлшемдерді ескере отырып көрсетіледі. Мысалы, Жеңіс күніне орай 16 800 ардагерге 1,2 млрд теңге сомасында материалдық көмек көрсетілді, 150 мыңға жуық зейнеткердің коммуналдық шығыстарына төлемдер бөлінді, 1 600-ден астам қала тұрғындарына тұрғын үй көмегі көрсетілді», - деді спикер.

Басқарма өкілі жеке бастамасы бойынша егде жастағы адамдарға көмектесетін алматылықтарға, меценаттарға алғысын білдірді.

Ол Алматының қарт тұрғындары көңіл аударуды, қарапайым адамдардың қатысуын қажет ететінін, ал жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау жан-жақты көрсетілетінін тілге тиек етті.