Алматыда қарттар мен балаларға үйде профилактикалық медициналық тексеру жүргізу басталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша қарашаның 2-сінен бастап Алматыда қарттар мен балаларға үйде профилактикалық медициналық тексеру жүргізу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Мадеева атап өткендей, төтенше жағдай режимі мен карантин кезінде профилактикалық тексерулер жүргізілмегендіктен, COVID-19 екінші толқынына дайындық аясында халықтың ең осал топтарына профилактикалық тексерулер ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Біріншіден, бұл егде жандар (65 жастан асқан), олардың арасында артериалды гипертензия, созылмалы обструктивті бронхит, қант диабеті және осы сияқты созылмалы аурулары бар науқастар көп.
«Әрбір алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымында жалпы тәжірибе дәрігері, невропатолог, кардиолог, отоларингологтан тұратын мультидисциплинарлық командалар құрылды, олар қарттарды үйде қарап, қант, холестерин деңгейін анықтайды, ЭКГ жасайды. Бұл емдеуді түзетуге немесе стационарлық емдеу үшін көрсеткіштерді анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жасы үлкен топтағы 80 мыңға жуық адамды қамту жоспарлануда», — деп атап өтті Жанар Мадеева.
Бұдан басқа, балалардың ұзақ уақыт бойы қашықтан оқып жатқандығын және емханаларға іс жүзінде бармайтындығын ескере отырып, Алматы әкімдігі 16 жасұа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруден өткізу туралы шешім қабылдады. Балаларды профилактикалық тексеру үшін педиатр, невропатолог, окулист, отоларинголог, балалар хирургі дәрігерлерінен құралған мультидисциплинарлық команда бар. Қажет болған жағдайда талдау үйде жүргізіледі. Шамамен 100 мыңға жуық баланы қамту жоспарлануда. Әлеуметтік қорғалатын отбасылардағы балаларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға баса назар аударылады.

Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-сұхбат барысында №8 қалалық емхананың бас дәрігері Фарида Ағыбаева нысаналы топтардың тізімі қалыптастырылғанын, профилактикалық тексеру жүргізу кестесі бекітілгенін, педиатр, невропатолог, отоларинголог, кардиолог, офтальмолог, балалар хирургінен құралған мультидисциплинарлық команда бекітілгенін мәлім етті.
«Емханада патронаждық қызмет көрсетудің әмбебап прогрессивті моделіне сәйкес патронаждық медбикенің ерте жастағы балаларға, оның ішінде босанғанға дейінгі кезеңге үйде тексеру жүйесі енгізілді. Пациенттің отбасымен оның жеке ортасында кездесу маманға проблемаларды түсінуге және дұрыс шешім қабылдауға ерекше мүмкіндік береді», — деді бас дәрігер.


