Алматыда қаржының жоқтығынан 25-ке жуық әскери патриоттар клубының тек 8-і ғана жұмыс істеп тұр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 25-ке жуық әскери-патриоттық клуб бар. Алайда, оның тек 8-і ғана істеп тұр. Себебі, олар қаржыландырылмайды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Киров» әскери-патриоттық клубының жетекшісі Бақытжан Перімбет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бақытжан Перімбеттің айтуынша, әскери-патриоттық клубтар Алматы қаласының аудандарында жұмыс істейді, онда балалар тегін оқи алады.
«Бүгінде әскери-патриоттық клубта 150-ден астам тәрбиеленушілер бар, олардың көпшілігі толық емес отбасынан шыққандар, жетім балалар да бар. Негізі қалада бізден бөлек, басқа да клубтар бар. Мысалы, десантшылар, жас шекарашылар, теңізшілер клубы бар. Біздің клуб «Теңіз флоты» деп аталады. Сондай-ақ бізде жас шекарашылар взводтары, жас матростар, десантшылар взводтары бар. Біз республикалық «Жас сарбаз» қозғалысымен бірге жұмыс істейміз. Үйірмемізге 7-18 жас аралығындағы балаларды қабылдаймыз», – деді спикер.
Әскери-патриоттық клубтың түлектері (20%) 9-сыныптан кейін «Арыстан кадет сыныбына немесе Б.Момышұлы атындағы «Жас ұлан» мектебіне түседі. 11-сыныптан кейін (5%) ҚР ҰҚК Шекара академиясына, Әскери байланыс институтына немесе Құрлық әскерлерінің Әскери институтына түседі.
«Биыл біздің клубтан 25 жас түлек шыққалы отыр. Олардың әрқайсысы болашақ мамандығын Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерімен байланыстырады», - деді клуб жетекшісі.
Бақытжан Перімбеттің ойынша, әскери патриотизм барлық салаға, оның ішінде туризмге де қатысты болуы керек.
«Жас сарбаздардың дене тәрбиесі мен патриоттық тәрбиесінде тау туризмі де үлкен рөл атқарады. «Шығыс» шекара қызметі мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара академиясымен бірлесе жасалған меморандумымыз бар. Үлкен Алматы көлінде Озерное шекара заставасы орналасқан. Онда академияның оқытушылары жазғы демалыста жас әскерлермен жұмыс істейді, оларға тауда жүру дайындығын, шөпті, мұзды беткейлерде жүруді, радиобайланысты, зардап шеккендерді бағдарлау және эвакуациялауды үйретеді», - деді Б. Перімбет.
Фото: департамент по делам обороны города Алматы