Алматыда кәсіпкерден 14 млн теңге пара алған мәйітхананың экс-директоры сотталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қалалық патологоанатомия бюросының бұрынғы директоры Бақытжан Әлібеков сегіз жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Алматы қаласы Медеу ауданының №2 сотында қалалық патологоанатомиялық бюроның бұрынғы директоры Бақытжан Әлібековке қатысты үкім шықты.
Ол кәсіпкерден 14 миллион теңге көлемінде пара алды деп айыпталды.
«Әлібеков Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің төрт бабы бойынша - 24-баптың 3-бөлігі, 366-баптың 3-бөлігі 3-тармағы, 189-баптың 3-бөлігі 1, 2-тармақтары, 364-баптың 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейді»,- деп хабарлады Алматы қаласы Медеу ауданы №2 сотынын баспасөз қызметі.
Ол сондай-ақ бұдан былай мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ұлттық банкте және қаржы нарығын қадағалау органдарында қызмет ете алмайды.
«Әлібековтің кәмелетке толмаған баласы бар екені сондай-ақ бұл оның алғаш жасаған қылмысы екені әрі қылмысты ауырлататын мән-жайлар жоқтығы ескерілді», - деп хабарлады соттан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетсек, мәйітхананың бұрынғы директоры Бақытжан Әлібековты өткен жылдың қазан айында Алматы қалалық прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесе ұстады.