Алматыда кәсіпқой бокс пен аралас жекпе-жектен халықаралық турнир өтеді

АЛМАТЫ. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда қазанның 24-і күні кәсіпқой бокс пен аралас жекпе-жектен Республика күніне арналған  халықаралық турнир өтеді.

Алматыда кәсіпқой бокс пен аралас жекпе-жектен халықаралық турнир өтеді

 Оны "Абылай хан"  кәсіпқой спорт клубы  ұйымдастырып отыр,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Цирк аренасында өтетін бұл дүбірлі додаға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және   Грузиядан спортшылар қатыспақ. ҚР Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Виктор Демьяненконың айтуынша, бұл турнирде тек рейтингтік жекпе-жектер өтеді. Оған 1980 жылдардағы КСРО мен Қазақстан құрамасынан  Виктор Рыбаков, Шәміл Сабиров, Константин Цзю, Серік Қонақбаев, Виктор Савченко, Владимир Шин және тағы басқа да былғары қолғап шеберлері мейман ретінде  қатысады.

Жалпы бұл турнирде  кәсіпқой бокстан 7, ал аралас жекпе-жектен 3  жұп өнер көрсетпек. Онда кәсіпқой бокстағы алғашқы сайысын  61 киләдағы Әнуар Мұсағұлов  пен 55,5 киләдағы Марат Сүлейменов 4 раундық кездесуде  қырғызстандық Ерлан Исмаилов пен Азизбек Қалмаматовпен     өткізеді.  6 раундық кездесулерде 53,5 киләда Мират Сәрсембаев  пен Хвича Папиашвиили (Грузия), 57 киләда  Мират Жақсылықов пен Зияддин Мамаризаев (Өзбекстан), 63,5 киләда Қанат Қартенбаев пен Хуршид Мадалинов (Өзбекстан), 61 киләда Берік Қалиев пен Руруа Ушанги (Грузия), 66 киләда Александр Журавский мен  Бекзот Шакиров (Өзбекстан) жұдырық түйістіреді. Ал аралас  жекпе-жектегі 3  сайыс та Қазақстан мен Ресей спортшылары арасында болады. Атап айтқанда  80 киләда Саяуыш Қасабаев пен Виталий Кулишов, 70 киләда Ербол Оразғалиев пен Дмитрий Севаков, 60 киләда Бегнар Аманбаев пен Мунго Норсонов бақ таластырады.