Алматыда кәсіпқой боксшылардың халықаралық турнирі өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оған Қазақстан, Тайланд, Өзбекстан, Ресей және Грузиядан былғары қолғап шеберлері қатысты. Цирк аренасында өткен бұл турнирде рингке алғашқы болып 58,9 килә салмақтағы тараздық Ермек Отарбаев пен павлодарлық Фархад Оспанов шықты. Бұл сайыс кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегінде қарсыласын өте қысқа уақыт ішінде - бір ғана соққымен есеңгіреткен Е. Отарбаевтың жеңісімен аяқталды. Одан кейін 53,5 килә салмақта Өзбекстан үмітін ақтап жүрген Елмұрот Абдрохмонов талдықорғандық Марат Сүлейменовтің осал тұсын таба алмады. 3 кездесуде жеңіске жетіп, біреуінде ұтылыс тапқан өзбександық боксшы екінші рет жеңіліс тапты. Бұл жұптардың кездесуі 4 раундық жекпе-жектен тұрды. Дәл осы салмақтағы 6 раундық кездесуде қызылжарлық Жанат Жақиянов Грузиядан келген Квича Папиашвилиді 2-ші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Қарсыласын бір рет нокдаунға түсірген қазақ боксшысының тегеурінді соққылары үдеп бара жатқан соң, қонақтардың бапкері оны аяғына дейін жеткізбей шаршы алаңға орамал тастауға мәжбүр болды. Оның жеңісті жолын бұл салмақта алматылық Тұрсынбек Сыдықов жалғастырды. Ол өзбекстандық Асланбек Сатыбалдиевті 4-ші раундта техникалық нокаутпен ұтты. Бұдан кейін қазақ боксы жанкүйерінің делебесін 90,7 киләде бақ сынаған тағы бір алматылық Иса Ақбербаев одан сайын қоздырды. Ол ресейлік Сергей Смирновты 1-ші раундтың 58-ші секундында естен тандырып, үшінші рет мерейін (екеуі нокаутпен) асырды. Ал 58,9 киләде өнер көрсететін жезқазғандық Абзал Адамбаев бұл жолы екінші жеңісіне қол жеткізді. А. Адамбаев Өзбекстаннан келген Мақсат Жұмабаевты ұпай санымен ұтты. Рейтингтік жекпе-жектерді түйіндеген 61 киләдегі Аякөздің ұланы Берік Қалиев грузиялық Руруа Ушангиді ұтып, жанкйерлер үмітін ақтап 7-ші жеңісіне (үшеуі нокаут) қол жеткізді. Р. Уншанги бұған дейін 8 кездесуде ұтып (бесеуі нокаут), 1 рет жеңіліп, 1 рет тең түскен еді. Одан кейін көрермен асыға күткен титулдық жекпе-жек өтті. Онда Беріктің жерлесі Міржан Жақсылықов 57,2 киләде тайландық Писадаенг Киасактханиді нокаутпен ұтып, Паназиялық бокс қауымдастығының (РАВА) нұсқасы бойынша алтын белбеудің иесі атанды.