Алматыда кәсіпқой бокстан халықаралық сайыс өтеді

АЛМАТЫ. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматыда үстіміздегі жылдың 7 наурызында кәсіби бокстан халықаралық жарыс өтеді. Сайысты Марат Мәзімбаевтың промоутерлік компаниясы мен «Zhersu» корпорациясы ұйымдастырып отыр.
None
None
Бұл жайында бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл Марат Мәзімбаевтың промоутерлік орталығы ұйымдастырып отырған халықаралық деңгейдегі екінші турнир болмақ. Бұған дейін өткен сында сегіз қазақстандық боксшыға қарсы Ресейдің, Өзбекстанның және Қырғызстанның кәсіпқой былғары қолғап шеберлері шыққан болатын.Халықаралық әйелдер күні қарсаңына белгіленген сайыс Алматы қаласындағы цирк ғимаратында өтеді. Бұл күні Қазақстанның намысын кәсіби бокске жаңадан келген жас спортшылар қорғайды. Солардың ішінде, 66,6 кг салмақта Қанат Орақбаев (Марат Мәзімбаевтың бокс клубы, Шымкент), 57 кг салмақта Міржан Жақсылықов (Марат Мәзімбаевтың бокс клубы, Алматы), 61 кг салмақта Берік Қалиев (Марат Мәзімбаевтың бокс клубы ), 72 кг салмақта Семен Упоров («Абылайхан» бокс клубы, Семей), 66,6 кг салмақта Әсет Айсин (Ерік Жайлауовтың бокс клубы, Қостанай), 53,5 кг салмақта Жанат Жақиянов (Ерік Жайлауовтың бокс клубы, Петропавл), 66,6 кг салмақта Владислав Савченко (Ерік Жайлауовтың бокс клубы, Тараз), 91 кг-нан жоғары салмақта Серік Лебеков (Шымкент) және Николай Гусниев (Алматы) секілді есімдер бар. Ал оларға қарсыластар Тайланд, Филиппин, Қырғызстан елдерінің боксшылары. «Бұл сайыста 8 жұп қолғап түйістіреді. Бұдан өзге, алдағы уақыттарда кең ауқымды сайыстарды тұрақты өткізіп тұруды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде, ағайынды Кличколардың промоутерлік орталығының боксшыларына қарсы өнер көрсету ойда бар. Қазірде аталмыш компаниямен келіссөздер жүргізілуде», дейді кәсіпқой бокс шебері, «Снайпер» бокс клубының жетекшісі Марат Мәзімбаев.
Соңғы жаңалықтар