11:43, 08 Қаңтар 2009 | GMT +5
Алматыда кәсіпқой бокстан Марат Мәзімбаевтың промоутерлігімен халықаралық турнир өтеді
АЛМАТЫ. Қаңтардың 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда қаңтардың 31-і күні кәсіпқой бокстан халықаралық турнир өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейдің 14 былғары қолғап шебері қатыспақ. Шараға «Жерсу» корпорациясы демеушілік жасап отыр. «Рейтингтік бұл турнирде ел намысын 7 спортшы қорғайды. Олар -Қанат Орақбаев, Берік Қалиев, Міржан Жақсылықов, Талғат Досанов, Қанат Картембаев, Жасұлан Тұраров пен Михаил Кириницин. Кәсіпқой боксқа жаңа ауысқан Қанат Орақбаев пен Берік Қалиевтің бұл алғашқы жекпе-жегі болмақ. Ал тұңғыш кездесуін Екатеринборда өткізіп, оны жеңіспен аяқтаған Міржанның екінші сайысы», дейді промоутер ретінде алғашқы турнирін ұйымдастырып жатқан Марат Мәзімбаев. Екінші рейтингтік турнирді ақпанның соңына қарай жоспарлап отырған ол алдағы уақытта мұндай шараларды Қазақстанның өзге қалаларында да ұйымдастырмақ.