Алматыда кәсіпорындардың еңбекақыға берешегі 1,3 миллиард теңгені құрап отыр

АЛМАТЫ. Қарашаның 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ -  Алматыда қазіргі таңда 35 кәсіпорын жұмысшыларға 1 миллиард 320 миллион теңге берешек. 

Алматыда кәсіпорындардың еңбекақыға   берешегі  1,3 миллиард теңгені құрап отыр

Бұл дерек бүгін Алматыда өткен «Әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайындағы Үкімет, Кәсіподақ федерациясы және Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының арасындағы Үшжақты келісім. Жұмыс орнын сақтап қалу меморандумын жүзеге асыруды бағалау» деп аталатын республикалық конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл тексеру кезінде Алматыда 110 кәсіпорын мен ұйымның жалпы   сомасы 3 миллиард 546 миллион теңге көлемінде еңбекақыға  қарызы бар екені анықталды. Осы уақытқа дейін олардың ішінен    82 кәсіпорын  2 миллиард 220 миллион теңгенің берешегін  қайтарды. Қарашаның 4-дегі жағдай бойынша қазір   1 миллиард 320 миллион теңге көлемінде қарызы бар 35 кәсіпорын бар», дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қалалық департаментінің еңбек қатынастары бөлімінің басшысы Шолпан Есентаева. Оның айтуынша, Алматыдағы жұмысшылар алдында еңбекақыға деген берешегі бар өндіріс орындары негізінен құрылыс саласындағы кәсіпорындар. Соның бірі  -   «Қуат» корпорациясы. Оның жұмысшылар алдындағы қарызы   689 миллион теңгені құрап отыр.  Жыл басынан бері жалпы еңбек тәртібіне байланысты 1060 кәсіпорын мен ұйым тексеріліп, олардан  7509 заңбұзушылық анықталды. Олардың ішінде  кең тарағаны - еңбек келісімін жасамау, еңбекақыны және Еңбек кодексінде қарастырылған   өтемақыларды   төлемеу.