Алматыда Қасым Аманжолов әндерінің тұңғыш кеші болады

АЛМАТЫ. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Алматыда 17 мамырда  Өмірбек Жолдасбеков атындағы  Студенттер сарайында  «Қасымның әндері-ай» деп аталатын атты ән кеші өтеді.
None
None

Қасым Аманжолов  шығармаларын ұлықтап, халыққа насихаттау мақсатындағы бұл шараны әнші Гүлбаршын Тергеубекова бастаған бастамашыл топ ұйымдастырып отыр. Ол Қ.Аманжолов әндерінің ең алғашқы ән кеші болмақ. Оған  Ескендір Хасанғалиев, Мақпал Жүнісова, Қарақат Әбілдина,  Алтынай Жорабаева,  Меруерт Түсіпбаева, Жолбарыс Сейфуллин, Жанар Айжанова, Рымкеш Жұмаділова, Саят Әбдіғали, Алма Аманжолова, Ерлан Төлеутай, Талғат Әбуғазы, Ерлан Құжыманов, Сейіл Аяған, Абай Әбішев пен «Каспий», «Тарлан» топтары қатысады деп жоспарлануда. Кеш барысында сондай-ақ, Ұлықбек  Есдәулет, Қасымхан Бегіманов  сияқты ақындар Қ.Аманжолов рухына арнаған өз жырларын оқығалы отыр.

Қасым Аманжолов 1911 жылы 10 қазанда қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыларай қыстауында дүниеге келіп, 1955 жылы 18 қаңтарда  көз жұмды. Әке-шешеден жастай жетім қалған оның Семей мал дәрігерлік техникумында оқып жүргенде жазған алғашқы өлеңдері  қабырға газетінде жарияланып тұрған. 1933-35 жылдары әскер қатарында болған соң Оралдың театр труппасын ұйымдастырып, көркемдік жетекшісі болады. Оны аз уақытта театрға айналдырған  Қ.Аманжоловтың ақындық, әншілік, артистік таланты жұртшылыққа осы кезде кең танылады. Ал 1936-1941 жылдары  Алматыға келіп қазіргі «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттері мен  Жазушылар одағында қызмет істеп,  1938 жылы «Өмір сыры» деген тұңғыш өлеңдер жинағын және  1941 жылы  Маяковскийден аударған  өлеңдерін «Бар дауыспен» деген атпен жеке жинақ етіп жариялады. Ел басына ауыр күн туған майданға аттанып, соғыстың басынан аяғына дейін қатысады.  Одан кейін әр жылдары  «Дауыл»,  «Балбөбек», «Нұрлы дүние» кітаптары мен «Таңдамалы шығармалар» жинақтары  басылып шықты.

Соңғы жаңалықтар