Алматыда қатты желдің салдарынан 11 ағаш құлады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда өткен түні болған қатты желдің салдарынан 11 ағаш құлады. Бұл туралы Алматы қалалық ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұханбетова хабарлады.
Оның айтуынша, ағаш құлау оқиғалары қаланың Түркісіб, Алмалы және Әуезов аудандарында тіркелген. 11 ағаштың екеуі автокөлікті басып қалған, ал қалғандары жолға құлаған. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ.
Естеріңізде болса, бұған дейін хабарлағанымыздай, синоптиктердің болжамынша Алматыда ауа-райының тұрақсыздығы, яғни құбылмалылығы 23 шілдеге дейін жалғасады.
Бұл күндері Алматы қаласы мен облысында жаңбыр жауып, жел тұрады. Бұршақ жаууы да ықтимал.
Айта кетелік, бүгін де Алматыда күн райы бұзылып тұр. Ауа бұлттанып, баяу жел соғуда.