Алматыда Қауіп-қатер менеджменті жөніндегі 7-халықаралық конференция болады
АЛМАТЫ. 15 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Сәуірдің 14-15 күндері Алматыда Қауіп-қатер менеджменті жөніндегі 7-халықаралық конференция болады.
Бұл жөнінде «Еуразия» сақтандыру компаниясы» АҚ басшыларының бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.
«Еуразия» сақтандыру компаниясы ұйымдастыратын дәстүрлі бұл шараға қатысуға қазірдің өзінде әлемнің 40-тан астам елінен 300-ден астам адам өтініш білдіріп отыр. Биылғы жылғы спикерлер құрамына АҚШ Президенті Барак Обаманың экономикалық кеңесшісі, соңғы әлемдік қаржы дағдарысын болжап айтқан әлемдегі ең ықпалды экономист Нуриэль Рубини еніп отыр. Ол әлемдік экономикадағы қазіргі ахуалға байланысты өзінің сараптамалық бағасын бермек», - дейді «Еуразия» СК» АҚ-ның атқарушы директоры, Басқарма мүшесі Қуаныш Дәуітов.
Оның айтуынша, спикерлер арасында Давос форумына арнап жыл сайын әзірленетін ғаламдық тәуекелдер туралы 2011 жылғы есептің авторлары да бар. Онда сондай-ақ, әйгілі ресейлік экономист- ғалым, Ресей Ғылым академиясы жанындағы Экономикалық зерттеулер институтының директоры Руслан Гринберг «Ғаламдық экономикаға арналған ғаламдық басқару: императивтер мен тәуекелдер» деген тақырыпта баяндама жасамақшы.