Алматыда «Қауіпсіз жол» акциясы басталды

АЛМАТЫ. 23 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда 3 күндік «Қауіп жол» акциясы басталды. Онда  полицейлер жол қозғалысы ережелерінің сақталуын жіті назарда ұстап, бақылауды күшейтетін болады.

Алматыда «Қауіпсіз жол» акциясы  басталды

«Жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілетін күндері жол полициясы бөлімшелерінің жеке құрамы күшейтілген негізде қызмет атқаратын болады. Оның басты мақсаты - жол қозғалысы ережелерін (ЖҚЕ) бұзуға тыйым салу, ЖҚЕ талаптарын елемеген қауіпсіздік белбеуін пайдаланбаған, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонмен немесе радиостанциялармен сөйлескен жүргізушілерді әшкерелеу. Сондай-ақ апат белгілері бар автокөліктерді айқындау болып табылады», - дейді  қалалық ІІД Жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Әбдірахман Молдабаев. Оның айтуынша, бұл акция кезінде автокөлікпен жолаушыларды және жүк тасымалдауды жүзеге асыруда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жаяу жүргіншілер тарапынан жасалған жол қозғалысы ережелерін бұзуды тыю мен әшкерелеуге полицейлер айрықша назар аудармақ.  Жол қозғалысының инспекторлары автобус парктері мен автотұрақтарға, басқа да әртүрлі мекемелерге арнайы барып, жүргізушілер құрамымен түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Жоспарланған іс-шарада - мектеп оқушылары арасында және басқа да оқу мекемелерінде өткізілетін семинарлар да бар.