Алматыда «Қайрат Мұстафин-80» фотокөрмесі ашылды

АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат - Алматыда Жазушылар одағы үйінде белгілі фотожурналист Қайрат Мұстафинді еске алуға арналған «Қайрат Мұстафин-80» фотокөрмесі ашылды.

Алматыда «Қайрат Мұстафин-80» фотокөрмесі ашылды

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Жазушылар одағы, Алматы және Қарағанды облысы әкімдіктерінің қолдауымен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған көрмеге автордың жарты ғасыр бойы түсірген еңбектерінің ең таңдаулылары қойылған.

Қайрат Мұстафин - қазақтың классик жазушысы Ғабиден Мұстафиннің ұлы. Азаматтық авиацияның ұшқыштар мектебін тәмамдап, борт радисі мамандығын алғанмен, фотожурналистика саласына біржола бет бұрады. Ол ұзақ жылдар бойы республикалық басылымдарда, оның ішінде «Қазақ әдебиеті» газетінде және Қазақ телеграф агенттігінде қызмет еткен.

Қ. Мұстафин жарты ғасырға ұласқан кәсіби және шығармашылық жолында талай-талай белгілі тұлғаларды, Қазақстанның сұлу табиғатын суретке түсіріп қана қойған жоқ, сонымен бірге ол Қазақстан туралы әртүрлі фотоальбомдар мен кітаптарды безендіруге де өз үлесін қосты. Бүкілодақтық және халықаралық фотокөрмелердің жүлдегері және дипломанты атанып, зейнетке шыққанға дейін «Өнер» баспасында қызмет атқарды.

Көрменің мақсаты - қоғамды қазақстандық фотожурналистиканың негізін қалаушылардың бірі болып табылатын Қайрат Мұстафиннің шығармашылық мұрасымен таныстыру, - деді «Фтоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Әбдірайым. - Өйткені, ол кісі еліміздің шежіресін қалыптастыруға аса үлкен үлес қосқан азамат.