Алматыда қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш геолог-ғалым Патшайым Тәжібаеваның 90 жылдық мерейтойы аталып өтті

Ы. Қаңтардың 10-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Ұлттық ғылым академиясының Қ.Сәтбаев атындағы геология институтының мәжіліс залында ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Патшайым Тәжібаеваның туғанына 90 жыл толуына арналған кеңейтілген ғылыми кеңес жиыны өтті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиынға еліміздің қоғам қайраткерлері, ғалымның әріптестері мен шәкірттері қатысты. Олар мерейтой иесі туралы ой-пікірлерін, оның ғылымға қосқан үлесі мен жетістіктерін, қоғамдық қызметтердегі атқарған істері жайында еске алып, сыр шертті. Мерейтойлық салтанатты кеш басында Патшайым Тәжібаева туралы деректі фильм көрсетілді.

«Патшайым Тәжібаева - әлем мойындаған ғалым, геология ғылымы саласындағы тұңғыш ғалым қазақ қызы. Оның ғылым саласына қосқан үлесі мол. Ол геологияның литология саласының негізін қалап, дамытқан. Құмкөлде мұнай қоры бар екендігін болжаған. Еліміздегі жаңа кен орындарын ашты. Оның қоғамдық қызметі де сан-салалы, әрі ауқымды болды. Ұлы ұстазы Қаныш Сәтбаевті мәңгілік есте қалдыру мақсатында қыруар іс тындырып ұлы есімді қайта жаңғыртып, қала, көше атын беруге үлес қосқан болатын. Ол сырттай сұсты көрінгенмен, шын мәнінде жүрегі жылылыққа толы, аса мейірімді, қарапайым жан еді», деп еске алды күйеу баласы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Педагогика және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, профессор, белгілі қазақ жазушысы Сәбит Досанов.

Патшайым Тәжібаеваның шәкірті, геология-минералогия ғылымының докторы, институттың бас ғылыми қызметкері Нәдір Әзербаевтың айтуынша, Қазақстанда ғылымның литология саласының қалыптасуы мен дамуы Патшайым Тәжібаеваның атымен тікелей байланысты. «Оның еңбектерінің арқасында литология саласы халықаралық деңгейде танылды. Ол литология саласымен қоса, минералогия, кристаллохимия, палеография салаларын да зерттеді. Оның қазақ ғылымының дамуына қосқан үлесін жарық көрген 150-ден астам ғылыми жұмыстарынан, шығарған төрт монографиясынан көруге болады. Оның бастамаларын біз жалғастырудамыз. Ол қайратты, еңбекқор адам, көп қырлы ғалым ретінде біздің есімізде қалды», деді Нәдір Әзербаев.

Патшайым Тәжібаева Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты, Жоғарғы кеңес төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарған. Америка, Жапония, Германия, Венгрия сияқты елдердің ғылыми қауымдастығының мүшесі. Ол Халықтар достығы және Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар