Алматыда Қазақ физиологтар қоғамының VII съезі өтеді
АЛМАТЫ. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы\ - Алматыда 14-16 қыркүйек күндері «Қазіргі заманғы физиология: клеткалық-молекуладан интегративке дейін - денсаулық негізі және ұзақ өмір» деген атпен Қазақ физиологтар қоғамының VII съезі болады.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінде болатын бұл шара ҚазКСР Ғылым академиясының академиктері Н Базанова мен Ф. Мұхамедғалиевтің 100 жылдығына арналып отыр. Ұйымдастыру комитетінің құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия және Ресейдің академиктері мен профессорлары енген. Съездің алғашқы күні Н. Базанова мен Ф. Мұхамедғалиевтің өмір мен шығармашылықтары туралы фильм көрсетіліп, әріптестері мен замандастары олардың ғылыми қызметі туралы естеліктер айтпақ. Келесі күні қан-лимфоайналымы физиологиясы мен антиоксиданттар әрекетінің физиологиялық тетіктері туралы симпозиумдар болады. Ал арғы күні қорытынды пленарлық мәжілісте 7 секцияның жетекшілері баяндама жасайды. Онда съезд жұмысы қортындыланып арнайы ұйғарым қабылданады деп жоспарланып отыр.