Алматыда қазақ хандары мен зиялы қауымның хаттары қойылған көрме ашылады

АЛМАТЫ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда ақпан айының 25-і күні ҚР Мемлекеттік орталық мұражайында «Хаттар заман ағымында» атты көрме ашылады,

Алматыда қазақ хандары мен зиялы қауымның хаттары қойылған көрме ашылады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көрмеге мұражай қорындағы араб, латын және кирилл қаріптерінде жазылған әр түрлі хаттар, ХІІІ-ХІV ғасырлардағы Алтын Орда хандары - Тоқтамыс пен Темір Құтылықтың, XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ хандары мен сұлтандары Абылай, Әбілпейіз, Кенесары хандардың тарихи хат-құжаттарының көшірме нұсқалары қойылады. Тұңғыш рет көрмеге қазақтың зиялы тұлғалары А.Құнанбаевтың, Ш.Уәлихановтың, Ә.Х.Марғұланның, М.Әуезовтың хаттары қойылатын болады. Сонымен қатар, Кеңес одағы кезінде әр түрлі мазмұнда жазылған хаттар да қойылады. Сондай-ақ, экспозицияда көрменің тақырыбын айқындайтын байланыс құралдары, Морзе аппараты, жазу машинкасы және тағы да басқа экспонаттар қойылып, интерактивті әдіс қолданылады.

«Көрменің негізгі мақсаты - көне дәуірден бері жазу арқылы іске асып келген дәстүрлі хат-хабар алмасудың әдістерін, түрлерін, механизмдерін қазіргі таңдағы байланыстың басқа да құралдарымен сабақтастыра көрсету», дейді көрмені ұйымдастырушылар.