Алматыда қазақ киношежіресінің шебері В.Беляловқа арналған көрме өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақфильм» киностудиясынан шыққан көптеген деректі фильмдердің авторы, белгілі кинооператор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Вячеслав Беляловқа арналған көрме өтті, деп хабарлайды «Хабар» телеарнасы.

Алматыда қазақ киношежіресінің шебері В.Беляловқа арналған көрме өтті

Қазақ кино өнеріне айтулы еңбек сіңірген Вячеслав Беляловтың көзі тірі болғанда 80 жасқа толар еді. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында өткен көрмеде оның табиғаттың тылсым сырын экран арқылы көрсете білген шеберлігі айшықталды.

Өзі альпинизммен айналысып, тау шыңына көтерілгенде де өнердегі айнымас серігі болған кинокамерасын қолынан тастамаған. Апталап, тіпті айлап далада, шатырда жатып, сирек кездесетін аң-құстарды таспаға түсірген құнды көріністері ондаған деректі фильмге арқау болды.

Көрмеге көптеген өнер байқауларына қатысып, жеңімпаз болған оның дипломдары мен марапаттаулары қойылды. Достары мен жақындары, әріптестері еске алып, қызықты әңгімелерін ортаға салды.