Алматыда қазақ күресінен «Халық барысы» республикалық турнирі өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 25-26 мамыр күндері Алматы қаласында қазақ күресінен ІІ  «Халық барысы» республикалық турнирі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған турнирдің жүлде қоры - 20 миллион теңге. Турнирге еліміздің барлық өңірінен 1000-ға жуық балуан қатысады деп күтілуде.

Бүгін Алматыда осы жарысқа байланысты баспасөз отырысы өтті. Оған Алматы қаласы спорт  басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Кенжеболатов, ҚР қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Бақдәулет Сәбитов, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының атқарушы директоры Жанарбек Атығаев және І «Халық барысы» Мақсат Қиқымов қатысты. 

Екінші рет өткелі отырған турнир «Рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру мақсатында ұмыт қалған көне балуандық өнеріміз - «белдесу» спорт түрін қайта жаңғырту, жастарды спортқа тарту, қазақ халқының ұлттық спорт түрлерін насихаттап, спорттық салт-дәстүрін сақтауға жұмылдыруды көздейді.

«Биылғы турнирдің басты ерекшелігі - көрермендер арасында автокөлік ойнатылады. Сондай-ақ, жаттықтырушыларға арнайы сыйақы тағайындалып отыр. Жарысқа 18 бен 50 жас аралығындағы салмағы 70 келіден асатын Қазақстан Республикасының кез келген азаматы қатыса алады», - деп атап өтті федерацияның бас хатшысы Б.Сәбитов.

Сондай-ақ, қатысушыларға қойылатын талаптармен таныстырды. Спикер айтып өткендей, жарыс барысы Қазақ күресі федерациясы бекіткен ережелерге сәйкес және олимпиадалық жүйе бойынша өткізіледі. Балуандар күресі негізгі «жеңді», «жеңілді» және «тең түсті» деген үш нәтижемен бағаланады.

Турнир «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде өтеді. Жарыстың басталуы - 25 мамыр, сағат 11.00-де. Ал қатысушыларды тіркеу рәсімі 23-24 мамыр күндері сағат 10.00.-21.00 аралығында жүргізіледі.

Халық арасынан шығатын барысты анықтау шарасын ҚР  Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР қазақ күресі федерациясы және «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Соңғы жаңалықтар