Алматыда «Қазақ мәдениетінің рухани құндылықтарын әлемдік брэнд ретінде таныту» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді
АСТАНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат - Ақпан айының 7-і күні Алматыда «Тянь-Шань» қонақүйінде «Тағылым» клубы «Мәдени даму институты» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, «Ұлт TIMES» қоғамдық-саяси апталығының ақпараттық қолдауымен «Қазақ мәдениетінің рухани құндылықтарын әлемдік брэнд ретінде таныту» атты жобасының таныстырылымы өтеді.Бұл туралы аталмыш қордың баспасөз қызеті хабарлады.
Жобаны жүзеге асыру үшін Қолдау Кеңесі құрылып, оған азаматтық қоғам, бизнес өкілдері мен қоғам қайраткерлері еніп отыр. Шараға Мәжіліс депутаты Сағиятолла Сәрсенов, шоқанатушы ғалымдар Б.Көмеков, Қ.Алдажұманов, С.Әжіғали, М.Сембі, Т.Жабелова, ақын М.Райымбекұлы және тағы басқа қоғам қайраткерлері, жазушылар мен ғалымдар қатысады деп күтілуде.
Жиын мақсаты ұлтымыздың кемеңгер тұлғаларының қазақ әдебиетін әлемдік брэнд ретінде танытуға қосқан үлесі мен олардың абырой-атағын дүниежүзілік деңгейге көтеру, сол арқылы қазақ әдебиетінің биіктігін дәлелдеу. Аталған жоба ұлтымыздың әдеби жауһарларын (прозалық шығармалар) ағылшын тіліне аудара отырып, қазақ мәдениетін әлемдік биікке шығаруды көздейді.
Өткен мен бүгінге зер салып қарайтын болсақ, қандай да бір халықтың, ұлыс пен ұлттың атын шығарып, қарапайым халықты алға сүйрейтін сол елден шыққан қайраткер тұлғалар. Жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев «Әлемдік ойдың болмысын жете тану үшін ХХ ғасыр ақылмандарын түгел оқымай болмайды» дейді. ХІХ ғасырдың жарық жұлдыздары іспетті қазақ көгінде шуақ шашқан Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов секілді кемеңгер тұлғалар қазақ ұлтының өткені мен бүгіні, ескісі мен жаңа өмірінің арасына қойылған алтын көпір. Олар қайталанбас қасиеттерімен, өзгеге бұйыра бермейтін дара таланттарымен ұлттың шынайы көшбасшыларына айналды.
Аталмыш жоба негізінде бірнеше қомақты жұмыстар жүзеге асырылуда. Мәселен, келесі жылы Шоқан Уәлихановтың ағылшын тілінде жарық көретін 1 томдық таңдамалы шығармаларын әзірлеу; «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» махаббаттық эпикалық шығармасын ағылшын тіліне аудару; XXI ғасырдағы қазақ поэзиясының майталмандарын ағылшын және басқа тілдерге аударып, сол елдерде тарату жоспары бар.