Алматыда қазақ тілінде оқитын жастар арасында «Тіл - барлық білімнің кілті» атты қалалық байқау өтіп жатыр

Бұл байқаудың ерекшелігі қазақ мектептерінде және ЖОО-дың қазақ бөлімінде оқитын оқушылардың орыс тілінде өз білімдерін көрсетуі.
"Шараның негізгі мақсаты - қазақ тілінде оқитын жастарды толеранттыққа тәрбиелеу, тілдерді меңгеру мен шығармашылық қабілеттерін, сөйлеу мәдениетін арттыру", -дейді Алматы қаласы әкімдігінің тілдерді дамыту және үйлестіру бөлімінің бас маманы Күлаш Есеналиева.
14-22 жас аралығынадғы жастар қатысып отырған байқау алдымен әр ауданда өткен, одан үздік шыққандар бүгін сынға түсуде.
Байқау шарттары бойынша жастар лексикалық-грамматикалық тестілеу, берілген тақырыптар бойынша эссе жазу, елтану, лингвистика, әдебиет бөлімдерінде викторина сұрақтарға жауап берумен қатар өлең немесе мәтінді мәнерлеп оқиды.
К.Есеналиеваның айтуынша, қалалық байқаудың жеңімпазы Астана қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алмақ.
Аталған шарада тек мектеп оқушылары ғана емес ауданаралық байқаудан үздік шыққан ЖОО-ның және колледждің 1-курс студенттері де бар.
Алатау ауданындағы №149 мектептің мұғалімі Уалитова Мағдаш 8 сәуір күні өз аудандарында 8-11 сынып оқушылары арасында осындай байқау өтіп, онда Ерсін Әнуарбек атты 10 сыныптың оқушысы үздік шыққандығын айтады. "Мұндай байқаулар қазақ тілінде білім алып жатқан жастар арасында өткендігі өте жақсы болды. Өйткені қазір Елбасының өзі үш тілді қатар меңгеруді алға қойып жатыр ғой. Бұл жастарымыздың болашағы үшін де маңызды", -дейді мұғалім.
Сонымен қатар байқауға қатысып жатқан оқушылардың жетекшілері аталған шараның ашық, әрі әділ өтіп жатқандығын баса айтып өтті.
"Бізде оқушылар мектеп бітірген кезде орыс тілінен тек тест қана тапсырады. Бұл орыс тілін жөнді меңгере қоймаған оқушылар үшін онша тиімді емес, оларға сөйлеу мәнері мен шығармашылығын арттыру үшін шығарма жаздырған жөн болар еді",-дейді Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-нің орыс тілі кафедрасының доценті Роза Бөркібаева.