Алматыда қазақ тілінен ерекше сабақ өтті
АЛМАТЫ. 13 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыдағы Қазақ менеджмент, экономика және болжау институтында шетелдік оқытушылардың қатысуымен қазақ тілінен ерекше сабақ өтті.
Сабақ барысында шетелдік қонақтар студенттер мен барлық қатысушыларға мемлекеттік тілді қалай меңгеруге болатындығы жайында әңгімеледі. Қазақ тілі спикерлердің ешқайсысының ана тілі емес, дегенмен олар қысқа мерзім аралығында қазақша түсініп қана қоймай сөйлеуді де үйреніп алған.
Американың Флорида штатынан келген оқытушы Джонатан Ридель 2009 жылы Қазақстанға әлемдік корпустың еріктісі ретінде келген. Келгелі ол ағылшын тілінің оқытушысы қызметін атқарып, Түркістан маңындағы Шәуілдір ауылында әлеуметтік ерікті ретінде жұмыс істеген. Вирджиния штатының Ричмонд қаласынан келген Холли Майер атты тағы бір спикер өткен жылы Бішкекте үш ай болғандығын айтады. Қырғыз тілі мен әдебиетін Лондон мектебінде жүргенде үйрене бастаған ол қыркүйектен бері ACTR/ACCELS бағдарламасы аясында ҚМЭБИ-да қазақ тілін меңгеруде.
«Ақпан айынан бері оқытушылардан қазақ әдебиетінен сабақ алудамын. Мен қазақ және қырғыз тілдерін үйреніп, олардың әдебиеттерінің қағидаларын терең түсінгім келеді. Вирджиния университетінде кеңестік әдебиетті оқу барысында осы аймақтардың әдебиетіне деген қызығушылықты Шыңғыс Айтматов пен Олжас Сүлейменовтың еңбектері оятты», -дейді Х.Майер.