Алматыда Қазақстан халқының бірлігі доктринасы туралы халықаралық конференция өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан халқының бірлігі доктринасын жүзеге асыруда мемлекеттік тілдің біріктірушілік факторы қолданыс таппай отыр. Бұл бүгін Алматыда өткен "Қазақстан халқының бірлігі доктринасы: теориядан тәжірибеге" деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.

Алматыда Қазақстан халқының бірлігі доктринасы туралы халықаралық конференция өтіп жатыр

"Бұл шараға доктринаны қабылдауға атсалысқан көптеген ұйымдардың өкілдері қатысып отырған жоқ. Конференция туралы ғаламтордан оқып не өзге де ақпарат көздерінен естіп өздері хабарласқан азаматтарға шараны ұйымдастырып отырған "Альтернатива" өзекті зерттеулер орталығының басшылары қазақ тілін білмейтінін, сондықтан басқосуды орыс тілінде ғана өткізіп отырғанын айтқан. Меніңше бұл қазақ және орыс тілді боп екіге бөлініп кеткен Қазақстан қоғамының бет-бейнесінің нақты көрінісі. Ақпарат құралдары да әлі күнге дейін тек өз аудиториясымен ғана жұмыс жасауда", - дейді "Алаш үні" қоғамдық бірлестіктер одағының үйлестірушісі Болат Нәукенұлы.

"Қазақ елі" халықтық бейнелі энциклопедиялық сайтының жетекшісінің айтуынша, мұндай шаралар барлық тараптардың өкілдері қатысып бір үстелдің басында өзара түсіністік тапқан жағдайда ғана нәтижелі болады. Онсыз өткен барлық талқылау бос әңгіме ғана болмақ.