Алматыда Қазақстан қолөнер шеберлеріне арналған маркетинг бойынша тренингтер өтіп жатыр

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш шара «Our Heritage» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен және «Шеврон», GSM-Kazakhstan/KCell компаниялары мен Еуразия Орталық Азия қорының ақпараттық және қаржылық қолдауымен өтуде.
Тренингтің мақсаты - кәсіпқой арт-менеджерлерді дайындау арқылы, қолөнер шеберлерінің туындыларын рынокқа шығару. О.Тансықбаев атындағы Алматы декоративті-қолданбалы өнер колледжінде өтіп жатқан шара ресурс орталықтарының өкілдері мен кәсіпкерлерге, өз ісінің кәсіпқой шебер мамандарына арналған. Тренингті АҚШ-тан келген қол өнер шеберлігі бойынша маркетинг саласының халықаралық эксперті Бэт Готшлинг өткізуде. Ол Aid to Artisans коммерциялық емес ұйымының тәуелсіз кеңесшісі. Ұйым әр елдің қолөнер шеберлеріне көмек көрсетіп, экономикасы дамып келе жатқан елдерге халықаралық рынокқа шығуға көмек береді. Бэт Готшлинг Ауғанстан, Өзбекстан, сонымен қатар Тәжікстан қолөнер шеберлерінің тауарларын рынокқа енгізуге, жобаларын іске асыруға ат салысқан эксперттердің бірі.
Тренинг барысында дәріс алуға қатысушылар маркетинг саласы бойынша халықаралық тәжірибемен танысып қана қоймай, қол өнер тауарларын қалай өтімді етуге болатын техникалық жолдарын үйрене алады.
Тренинг қаңтар айының 16-сына дейін өтеді.
«Қазақстанда қолөнер шеберлігін дамыту және халықтық көркем өнер кәсібін жаңғырту» атты бағдарламасы 2006 жылдан бері іске асып келеді. Осы уақытқа дейін елімізде 25 кәсіби, 6 бизнес-тренингтер өткен. Екі оқу-әдістемелік құрал шыққан.