Алматыда «Қазақстан онкологиясы. Кеше. Бүгін. Ертең» мерейтойлық конференциясы өтіп жатыр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Қазақстан онкологиясы. Кеше. Бүгін. Ертең» халықаралық конференциясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл шара Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының ашылғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған.
Конференцияның ашылуында ҚР ДСМ басшысы Алексей Цой ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың құттықтау сөзін оқыды.
«Конференция қатысушыларын құттықтаймын. Бұл институт - отандық медицинаның флагманы. Қазіргі заманда онкология мәселелері өте өзекті болып отыр. Онымен күреске көп мөлшерде ресурс жұмсалады. Өкінішке орай, біздің ел де солардың ішінде бар. Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеу толығымен мемлекет есебінен жүргізіледі. Мұндай көмек кез келген елде көрсетілмейді. Осы жерде Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының рөлін айтпасқа болмайды. Бұл институт диагностика және емдеуде алдыңғы заманауи құрал жабдықтарды пайдаланады. Сонымен қатар, профильді кадрларды тәрбиелейтін шеберхана. Осы орайда бірінші директоры Нұғманов Сәкен Нұғманұлын, Балмұханов Саим Балуанұлының еңбегін атап өту керек. Қазір институт ұжымы ерте диагностика, оңалту, психологиялық көмек берумен айналысады. Бүгінгі конференция Қазақстан онкологтарының қатерлі ісікке қарсы күрестің жаңа тәсілдерін табуға ұмтылысын көрсетеді. Осы жиынның отандық онкологияны дамытуға септігін тигізеріне сенімдімін»,- делінген құттықтауда.

Мерейтойлық конференцияда институттың 60 жылдағы ғылыми жетістіктері, қатерлі ісікке қарсы күрестің заманауи тәсілдері, сәулелі терапияның жоғары технологиялық тәсілдері, таргеттік терапия мен иммуноонкология, оңалту және паллиативті көмек, COVID-19 пандемиясы аясында онкологиялық көмек көрсету мәселелері сөз болмақ.
Сондай-ақ, онкогинекология, маммология, онкоурология саласында мастер кластары өткізіледі.
Алқалы жиынға әлемнің 12 елінен: Австралия, АҚШ, Испания, Швейцария, Германия, Түркия, Ресей, Грузия, Беларусь, Корея, Италия және Өзбекстаннан келген мамандар қатысуда.






