Алматыда Қазақстан Теңіз академиясының алғашқы түлектеріне дипломдар табыс етілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қазақ-Британ техникалық университетінің базасында ашылған Қазақстан Теңіз академиясының алғашқы түлектеріне дипломдар табыс етілді.

Алматыда Қазақстан Теңіз академиясының алғашқы түлектеріне дипломдар табыс етілді

Бұл оқу орны елімізде тұңғыш рет 2012 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен ашылған болатын. 4 жылға созылған оқу барысында кадеттер теңіз ісі саласында кеме жүргізу және кеме механигі мамандықтарын меңгерді.

Қазақстан Теңіз академиясы Қазақстанның көлік-логистикалық секторын дамыту мақсатында құрылған. Қазіргі таңда Қазақстан Каспий өңірінде теңіз елдерінің біріне айналуға ұмтылып жатқаны белгілі. Сәйкесінше, Қазақстанның теңіз академиясын құру жобасы Үкіметке қазақстандықтарды мұнайгаз секторынан басқа да салаларда жұмысқа орналастыруға бағытталған міндеттерді жүзеге асыруға септігін тигізеді. 

Бұл жерде Қазақстан теңіз академиясын құруға ҚР «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» заңы маңызды рөл атқарды.

Соған сәйкес, 2015 жылдың 1 қаңтарына қарай, Қазақстанның жалауымен жүзетін кемелердегі аға командалық құрам (капитандар, капитанның аға көмекшілері және аға механиктер) Қазақстанның азаматтарынан құралуы тиіс.     

ҚБТУ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін жоғары оқу орнын бітірген 16 кадетке дипломдар табыс етілді.  Олардың ішінде бесеуі - қыз, қалғаны - ұлдар. Сондай-ақ, олардың ішінде 10 түлек  кеме жүргізушісі, ал 6 түлек - кеме механигі мамандығын алып шықты. Сөйтіп, Қазақстанда тұңғыш рет халықаралық деңгейдегі кәсіби теңізшілер атанды.   

Қазақстан Теңіз академиясының ашылуына «Теңізшевройл» ЖШС мұрындық болған. Қазір де оқу орнының негізгі демеушілерінің бірі.