Алматыда Қазақстан урологтарының V съезінде емдеуге кіші инвазивті технологияларды қолдану мәселелері талқылануда
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда «Урологиядағы кіші инвазивті технологиялар» тақырыбында Қазақстан урологтарының V съезі өтіп жатыр. Оған ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өкілдері, Б. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының ғалымдары және еліміздің басқа да өңірлері мен алыс, жақын шет елдерден келген уролог мамандар қатысуда.
«Съезге дейін екі күн шеберлік сыныптарын өткіздік. Онда Германия, Грузия, Ресей, Түркия және Франциядан келген есімдері әлемге белгілі әріптестеріміз операция жасап, қандай жаңа технологияларды қолданатындарын көрсетті. Отандық мамандармен тәжірибе алмасты. Жалпы, урология саласы медицинаның басқа салаларына қарағанда 90 пайыз технологияға байланысты. Сондықтан да съезд кіші инвазивті технологияларды қолдану тақырыбында өтіп жатыр. Яғни, ота жасау барысында адам ағзасына мейлінше аз зақым келтіру. Съезд қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданатын болады», - деді өз сөзінде «Б. О. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы» АҚ Басқармасының Төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мырзакәрім Алшынбаев.
Бүгінде заманауи медицинаның дамуы үшін инновациялық технологияларды қолданудың маңызды екені даусыз. Урологиялық ауруларға шалдыққан науқастарды емдеуге және осы салада жоғары дәрежеде зерттеулер жүргізуге заманауи инновациялық технологияларды қолдану - науқастардың өмір сүру сапасын арттыруға және осы ауру салдарынан мүгедектіккке ұшырау деңгейін азайтуға септігін тигізеді.
Бүгінгі съезд барысында отандық және шет елдік мамандар өзара тәжірибе алмасып, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарын жасайтын болады.
Айта кетелік, кеше Алматыда ТМД елдері урологтарының I құрылтай съезінде Мырзакәрім Алшынбаев бірауыздан ТМД елдерінің урологтары Қауымтастығының президенті болып сайланды.