Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының 75 жылдығына орай салтанатты жиын өтіп жатыр

Ы. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыдағы Абай атындағы МАОБТ-да Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 75 толуына орай салтанатты жиын өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Салтанатты жиынды Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов ашып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтау сөзін жеткізді. "Қадірлі қаламгерлер, баршаңызды ұлттық мүддеге қызмет етіп келе жатқан Жазушылар одағының 75 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Жазушылар одағының бүгінгі тойы қазақ әдебиетінің ғана емес жалпы мәдениетіміздің айтулы белесі, мерейлі қуанышы деп білемін. Одақ осы жылдар ішінде әрдайым зиялы қауымды бір мақсатқа ұйымдастырып, ұдайы халықтың сөзін сөйлеп жоғын жоқтады. Елдің еңсесін көтеріп, рухын шыңдады", делінген құттықтауда.

1934 жылы Алматыда тұсауы кесілген Қазақстан Жазушылар одағы 1938 жылы өзінің алғашқы ұйымдастыру құрылтайын өткізген болатын.

Ел тағдыры мен жер тағдыры қыл үстінде тұрған кезде өмірге келген Жазушылар одағының үлкен міндеттерінің бірі - ауыз әдебиетінен тамыр тартқан, Абай поэзиясынан бастау алған жазба әдебиетіміздің бай мұрасын жинау мен екшеу, дамыту мен қорғау және оны кеңінен насихаттау.

Жазушылар одағын әр жылдарда Сәбит Мұқанов, Мұхамеджан Қаратаев, Дихан Әбілев, Әбділда Тәжібаев, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, Қалдарбек Найманбаев сынды қаламгерлер басқарған.

1996 жылдан бері аталмыш одаққа Нұрлан Оразалин басшылық жасап келеді.

Қазақстан Жазушылар одағы 755 қаламгердің басын қосып отырған шығармашылық ұжым болып табылады.

Аталған шараға жазушылар мен зиялы қауым өкілдері, алыс және жақын шетелдерден келген қонақтар қатысуда.

Соңғы жаңалықтар