Алматыда Қазақстан Жазушыларының кітап көрмесі ашылды
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Қазақстан Жазушылар одағына - 75 жыл» атты ауқымды кітап көрмесі ашылды.
Мәдени шара Қазақстан Жазушылар одағының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Көрме 10 бөлімнен тұрады. Олар: «Жазушылар одағының шежіресі», «Арыстар мен алыптар», «Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағалары», «Қазақстанның Халық жазушылары», «Әдебиет - жан дауасы», «Өлең сөздің патшасы», «Ғылыми зерттеулер айдыны», «Әлем әдебиеті қазақ тілінде», «Одақтың басылымдары» және «Қазақстан Жазушылар одағы және ҚР Ұлттық кітапханасы».
«Осыдан 77 жыл бұрын Жазушылар одағының бірінші құрылтайы аталып кеткен үлкен жиында Сәкен, Ілиястар баяндама жасаған еді. Міне, содан бергі Одақтың 75 жылдық тарихынан сыр шертетін қаншама жәдігерлеріміз осы көрмеде қойылған. Мұнда әдебиет тарихындағы Абай мен Жамбыл бастаған ұлылардың шығармаларымен бірге, 38 халық жазушысының туындылары бар», деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин.
Салтанатты шараның лента қию рәсімін белгілі ақын-жазушылар Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Әзілхан Нұршайықов, Тұрсынбек Кәкішев және Иран Ғайып (Иранбек Оразбаев) жасады.
«Кітап - ескерткіш, кітап - рухани қазына. Ол адамның жан дүниесін байытып отыратын таусылмас байлық. Сондықтан да осындай шараның ұйымдастырылуы оқырмандар үшін, халқымыз үшін маңызы зор», дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Одақтың 75 жылдық мерейтойы қыркүйектің 21-і күні Абай атындағы опера және балет театрында өтеді деп жоспарланған. Оған Ресей, Кавказ елдері, Орта Азия мемлекеттері мен басқа да шетелдерден қонақтар келеді деп күтілуде.