Алматыда Қазақстандағы жайылым ресурстарын оңтайлы басқарудың жаңа моделі таныстырылды - Алматыдағы конференция

АЛМАТЫ. 16 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің қолдауымен «Қазақстан мен Орталық Азиядағы жайылым ресурстарын орнықты басқарудың нәтижелі тәжірибесі» атты екікүндік халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды.
None
None

Оның жұмысына ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің, «ҚазАгро» ұлттық холдингінің, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінің өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен фермерлер, жергілікті билік өкілдері қатысуда.

Бүгін конференцияда «Қазақстандағы жайылым ресурстарын басқарудың жаңа моделі» жобасы таныстырылды.

Жаңа модель - Қазақстандағы жайылымды қандай бағытпен, қандай стратегиямен пайдалану керек, қалай дамытып, игеру қажет, қалай пайдасын көру керек, қалай ауыл шаруашылығын тиімді де, дұрыс дамыту керек деген сұрақтарға нақты жауап береді. Жоба сондай-ақ, заңдық құқықтық базасын жетілдіруді, жайылым қолдаушылар кооперативін құру, азықтық, жемшөптік ресурстарды дұрыс қолдануды, ауыл шаруашылық малдарының генетикалық потенциалын көтеру сынды мәселелерді қарастырған. Аталмыш жобаның менеджері Садық Бақтиярдың айтуынша, жоба практикалық тәжірибе негізінде жасалған. «Бұл жоба Алматы облысы Жамбыл ауданында үлкен жетістікпен іске асты. Сондықтан, бұл тәжірибені бүкіл еліміз бойынша жетістікпен қолдануға болады»,-деді ол.

Ертең, 17 қараша күні аталмыш шара аясында конференция қатысушылары Алматы облысы Жамбыл ауданының Үлгілі ауылында болады. Онда олар жайылым қолданушылар кооператив мүшелерімен кездеседі. Сонымен қатар шара барысында жайылым шаруашылығын инновациалық түрде жүргізудің тәсілдері көрсетілетін болады. Сондай-ақ, жергілікті малшыларға күн батареясымен жабдықталған, заманауи үй вагонын табыстау рәсімі өтеді.

Соңғы жаңалықтар