Алматыда Қазақстандағы Жоғары білім саласына арналған халықаралық конференция өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда «Қазақстандағы жоғары білімнің жағдайы мен дамуы-Темпус бағдарламасының әсері» атты халықаралық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Екі күнге созылатын халықаралық шара Темпус бағдарламасының Қазақстандағы 15 жылдығы мен Қазақстан тәуелсіздігі, Темпус бағдарламасының 20 жылдығына арналған. Шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, сондай-ақ Евроодақтың білім, аудовизуалды құралдар және мәдениет жөніндегі агенттігінен 150-ден астам өкілдері қатысуда. Конференцияның ұйымдастырушылары ҚР Білім және ғылым министрлігі, Алматы технологиялық университеті, Қазақстандағы Ұлттық Темпус кеңсесі, Евородақтың Қазақстандағы өкілдігі.
Аталған бағдарлама Евродақпен қаржыландырылады және Евроодақтың көшрілес елдермен жоғары білім саласындағы әріптестігін нығайтуға, біріккен жобаларды қаржыландыру арқылы, білім саласын модернизациялауға атсалысуға бағытталған. Бағдарлама Қазақстанда 1995 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыттан бері бағдарлама аясында жалпы құны 28 994 523 евролық 50 жоба қаржыландырылған. Қазіргі уақытта Темпус IV аясында 2 789 670 евролық 16 аймақтық жоба қаржыландырылуда. Оған еліміздің 10 аймағынан 23 университет, 10 академиялық емес білім мекемелері қатысуда. Бұл жобалар негізінен су ресурстары, энергия мен экономика, темір жол саласында жаңа оқу бағдарламаларын жасау, жоғары оқу орындарының білім сапасын көтеру мен аккредитациядан өту, Болон үрдісін дамытуға бағытталған.