Алматыда қазақстандық электрондық коммерция мәселелері талқыланды
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Интернет инновациялық бизнес-кеңістік ретінде» атты дөңгелес үстелде айтылды.
Бұл басқосуды Қазақстанның интернет қауымдастығы ұйымдастырды. Отырысқа Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, «Қазақтелеком», «Қазкоммерцбанк» және қауымдастық өкілдері қатысты.
Жиынға қатысушылар қазіргі таңда Қазақстандық ғаламтордағы авторлық құқық, домендік атауларды реттеу, электрондық коммерция мәселелерін талқылады. Депутат М. Әбеновтің айтуынша, еліміздегі ғаламтордың күрделі мәселелері заңдастырылуы тиіс.
«Басты мәселе - қазақстандық сайттар ең арысы 3 жылға дейін қызмет етеді де, онан соң қаржы тапшылығынан немесе басқа жағдайларға байланысты жабылып қалады. Оны шешудің тиімді жолы - елімізде интернеттің қолжетімділігін арттыру, пайдаланушылардың сенімінен шығу. Сол арқылы интернет-дүкендер қызметтерін дамыту қажет», дейді «Award.kz ұлттық ғаламтор-премиясы» қоғамдық қорының директоры Константин Горожанкин. Оның айтуынша, қазақстандық компьютер қолданушылар бүгінде халықтың 80%-ын құраса, 30%-ы ғаламтор желісімен жұмыс істей алады. Ресей және АҚШ елдерімен салыстырғанда қазақстандық ғаламтор қолданушылардың деңгейі соншалықты төмен емес.
Сонымен қатар К. Горожанкиннің пікірінше, 2013 жылға қарай электронды коммерция нарығы 5 млрд. долларға дейін жетеді. Бұға қоса, интернетте ұялы байланыс төлемдері, коммуналдық қызметтер және әуе, теміржол билеттері сатылымдары мен басқа да қызметтер интернетпен іске асырылатын болады.