15:17, 28 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда Қазақстанның халық әртісі Төлепберген Әбдірашевті еске алу кеші өтеді
АЛМАТЫ. Ақпанның 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда наурыздың 1-інде ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлепберген Әбдірашевті еске алу кеші өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясында өтетін бұл шараны Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Марал Мұхамедқалиева жүргізбек. Оған Нұрғиса Тілендиев атындағы мемлекеттік фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі қатысады. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жамағат Темірғалиев. Онда жеке орындаушылардан ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Жәмила Баспақова (сопрано), халықаралық байқаулардың лауреаттары Медет Шотабаев (тенор), Құрманбек Жүнісов (қылқобыз), Нұркен Әшіров (домбыра), Гүлзия Стамбек (қобыз), республикалық байқаудың лауреаты Ақбөпе Әбілбекова (сазсырнай), Еренсіз Мақанов (месқобыз) өнер көрсетпек. Төлепберген Әбдірашев 1948 жылы шілдеде Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Бесарық ауылында өмірге келіп, 2007 жылы қазан айында Алматыда өмірден озған болатын. Алматы (1974 жылы ) мен Мәскеу консерваториясын (1979 жылы) бітірген талантты дирижер 1974-75 жылдары Шымкенттегі музыка училищесінде оқытушы болды. 1982-1983 жылдары Австрияның Вена қаласындағы музыкалық академиядан тәжірибе жинақтап, 1979-82 жылдары Алматыдағы Қазақтың симфониялық оркестріне дирижерлік жасады. Сондай-ақ 1985-87 жылдары Қазақтың академиялық опера және балет театрының бас дирижері, ал 1987 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақтың симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болып қызмет етті. 1977 жылы Германияда өткен халықаралық дирижерлер байқауының дипломанты атанып, 1983 жылы Қазақстан Комсомолы сыйлығының лауреаты атанды, 1995 жылы оған Қазақстанның халық артисі атағы берілді, ал 1998 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.