Алматыда Қазақстанның үздің 8 бильярдшысы абсолютті чемпион атағын сарапқа салуда
АЛМАТЫ. 1 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыдағы "Бастау" спорт клубында бильярдтан Қазақстан чемпионаты басталды.
4 қарашаға дейін созылатын бұл байрақты бәсекеге республикалық рейтингтегі үздік 8 бильярдшы қатысуда. Олар: алматылық Ернар Шымбаев, Бақтишат Зайнаудин, Эмиль Мударисов, қарағандылық Әлібек Омаров пен Дмитрий Кириллов, семейлік Әуез Елубаев, ақтөбелік Азат Түменов және шымкенттік Ильдар Мингазитдинов. Айналым жүйесі бойынша өтетін бұл жарыста олар орыс бильярдының - қозғалмалы (динамикалық), құрастырмалы және еркін пирамида түрлерінен сайысқа түседі. Ең жоғары ұпай жинаған спортшы Қазақстанның 2010 жылғы абсолютті чемпионы атағына ие болады. Былтыр бұл мәртебеге Эмиль Мударисов, ал алдыңғы жылы Әуез Елубаев ие болған еді.