Алматыда қазақтың біртуар ақыны Тұманбай Молдағалиевті еске алу кеші өтті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында көрнекті ақын, халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтің туғанына 80 жыл толуына орай, мерекелік еске алу кеші өтті. Кешке ақынның зайыбы Күлтай апа мен ұл-қыздары, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, ақын-жазушылар, студенттер, мектеп оқушылары және қала тұрғындары жиналды.
«Өнер алды қызыл тіл», - деп дана халқымыз айтқандай осы бір ұлы өнердің шыңына шыққан, артына өлмес сөз қалдырған ақындарымыз баршылық. Солардың ішінде Тұманбай Молдағалиевтің орны ерекше деп білемін. Қазір бірде-бір көңілді жиын, торқалы той Тұмағаның жырларынсыз өтпейтінін білесіздер. Тұманбай Молдағалиев жасампаз лирик ақындарымыздың бірі болды. Ол Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов сынды атақты компазиторлармен тізе қосып, бірге жұмыс істеді. «Құстар қайтып барады», «Бақыт құшағында», «Жүрегім менің» секілді мәңгі өлмейтін әндер өмірге келді. Қазақ халқы барда, ағамыздың жыры да әні де ешқашан өлмейді», - деді Алматы әкімі Ахметжан Есімов. Осыдан кейін қала әкімі Тұманбай ағаның жары Күлтай Қасымқызына гүл шоғын табыс етті.
Еске алу кешінде Қазақстанның эстрада жұлдыздары ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді шырқап, көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленді. Сонымен қатар, Рафаэль Ниязбек, Шөмішбай Сариев, Бауыржан Жақып секілді көрнекті ақындар арнау өлеңдар оқыды.
Тұманбай Молдағалиев 1935 жылы 20 наурызда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, "Жарсу" совхозында туған. 2011 жылы 10 қазанда дүниеден озды.
Тұманбай Молдағалиев 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді. Өзінің шығармашылық еңбек жолын «Лениншіл жас» газеті мен «Пионер» журналынан бастайды. 1959-1970 жылдар аралығында "Пионер" журналында қызмет атқарады. 1970-1973 жылдар аралығында "Балдырған" журналы ның жауапты хатшысы болды. 1973 жылдан "Жазушы" баспасы жанындағы Балалар және жастар әдебиетінің бас редакциясы мен "Жалын" журналының бас редакторы болып қызмет атқарды.
Алғашқы өлеңдер жинағы "Студент дәптері" 1957 жылы жарық көрді. Т. Молдағалиев нәзік сырлы, ойлы да отты жырлармен танылды. "Кәмила" (1960), "Көктем таңы"(1961) , "Алатау қызы"(1963), "Ферюза туралы жыр"(1964), "Зулайды күндер"(1965), "Жүрегім менің сапарда" (1966), т. б. жинақтары шықты. 1967 жылы жарық көрген "Жаңа дәптер" атты кітабы үшін 1968 жылы Қазақстан Комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. "Ескерткіш" (1969), "Шақырады жаз мені" (1970), "Жүрек ояу қашанда" (1972) атты кітаптары да оқушылардың ілтипатына бөленді. Оның "Қош, көктем" атты таңдамалы өлеңдер кітабы (1971), "Хаттар" атты поэмалар жинағы (1974) жарық көрді. Т.Молдағалиевтің орыс тілінде "Я - сын Семиречья" (1962), "Первая встреча" (1968), "Новая тетрадь" (1969) атты өлең жинақтары шыққан.
Тұманбай Молдағалиевтың жалпы 500 өлеңіне әндер жазылған. Оның "Құстар қайтып барады" (музыкасы Н. Тілендиевтікі), "Бақыт құшағында", "Әнім сен едің" (музыкасы Ш. Қалдаяқовтікі), "Ертіс вальсі" (музыкасы Б. Жамақаевтікі), "Шақырады көктем" (муз. Ә. Бейсеуовтікі) атты әнге жазылған өлеңдері халық арасына кең тараған. Ол Байрон, М. Лермонтов, Т. Шевченко, О.Туманян, С. Капутикян, Ғ. Ғұлам, Р. Ғамзатов және басқа да ақындардың шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Ақынның 1990 жылы 13 томдық шығармалар жинағы, 2004 жылы 14 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. 1992 жылы Физули атындағы Халықаралық түркі дүниесі ақындары сыйлығы тапсырылды. Тұманбай Молдағалиев шығармашылығының ең басты ерекшелігі - оның өлеңдері сезімге, сыршыл лиризмге толы.