Алматыда қазақтың көне жырына арналған анимациялық фильмнің тұсаукесері өтті

АЛМАТЫ. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қазақ ертегілері - дүниежүзіндегі тақырыбы ең бай ертегі. Қазақта 6 том ертегі бар. Сондықтан ешқандай сценарий жазудың қажеті жоқ, соны кітаптың ең бірінші бетінен бастап түсіре берсек, керемет үлкен қазынамыз болар еді.
None
None

Біз осыған мән бермейміз, деді Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, "Искра" кинотеатрында өткен "Мұңлық-Зарлық" атты анимациялық фильмнің тұсаукесері барысында қазақтың белгілі жазушысы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, өнердің ең үлкені балаларға арналған осындай шешіре, осындай жырлар мен мультфильмдер. "Бүгін сол олқылықтардың орнын толтырудың алғашқы қадамы жасалды", деп атап өтті ол.

Ол сонымен қатар, "Мұңлық-Зарлыққа" арналып Арыс қаласында монумент қойылды, ол бүгінде қаланың рәмізіне айналды. Енді ол зираттың басына кесене орнату жоспарымызда бар. Біздің жерімізде жырға арқау болған екі мола бар бірі - Сырдария жерінің Жиделі деген жерінде орналасқан осы "Мұңлық-Зарлық" зираты болса, екіншісі Аягөздегі "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" кесенесі. Сонымен қатар, бүгінде "Мұңлық-Зарлық" пьесасы жазылды, ол көптеген театрларда, Қызылорда, Шымкент және тағы да басқа қалаларда жүріп жатыр. Маған осы мультфильмнің сценариін жазып беруді өтінді. Ол осы мультфильмге арналған байқауда бірінші орынға ие болды. Еңбектің бағасын көрермен сіздер берерсіздер", деді таныстырылым барысында Дулат Исабеков.

Мәдениет қайраткері Батырхан Дәуренбековтың айтуынша, мультфильм ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша түсірілген. "Бұл мультфильмді біз екі жыл дайындадық. Алматыдан кейін Астана мен Қарағанды қаласында таныстырылымын өткізуді жоспарлап отырмыз. Мультфильм барлық жасқа арналған. Кезінде Пушкин «Салтан патша туралы жыр» атты ертегі жазған, бұл мульфильм сол ертегінің мазмұнына ұқсайды. Бүгінде теледидар, оның ішінде мынау мөлтек фильмдер өсіп келе жатқан жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен идеологиялық күшті қару болып отыр. Біз сондықтан осындай мультфильм арқылы өзіміздің салт-дәстүрімізді дәріптеп, тарихымызды танытып, балаларды отансүйгіштікке, елінің патриот азаматы болуына шақырғымыз келеді ", деп атап өтті ол.

Халық ауыз әдебиетінің жауһарына айналған "Мұңлық-Зарлық" аңызын отандық "Сақ" киностудиясы түсірген. Мультфильмнің көлемі 20 минут. Режиссері мәдениет қайраткері - Батырхан Дәуренбеков. Бірінші мультипликациялық фильмді балалар үйінде тәрбиеленуші бүлдіршіндер мен жасөспірімдер тамашалады. Көрсетілім соңында барлық балаларға сыйлықтар табысталды.

Соңғы жаңалықтар