Алматыда қазақтың көрнекті театр және кино актері Таңат Жайлыбековті еске алу кеші өтеді
АЛМАТЫ. Қарашаның 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда желтоқсанның 5-і күні Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Таңат Жайлыбековтің туғанына 80 жыл толуына орай еске алу кеші өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол 1929 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Бірлік ауылында дүниеге келіп, 1989 жылы маусымның 27-сі күні 60 жасында өмірден озған. Алматыдағы №18 мектеп-интернатта тәлім алған жас өрен еңбек жолын Шәкен Аймановтың себепкер болуымен 1944 жылы 15 жасында театрдан бастайды. 1954 жылы Мәскеудегі Луначарский атындағы мемлекеттік театр институтының актерлік факультетін бітіріп, құтты шаңырағына қайта оралған өнер шебері өмірінің соңына дейін осында жұмыс жасады. Алғашқы рөлін М. Горькийдің "Тоғышарлар" драмасындағы Перчихиннен бастаған актер 35 жылдық еңбек жолында театр сахнасында 70-тен астам кейіпкерді сомдады. Мұхтар Әуезовтің "Еңлік-Кебегінде" Жапал, "Қарақыпшақ Қобыландысында" Бірсімбай, "Айман-Шолпанында" Қортық, "Абайында" Көкбай, Сәбит Мұқановтың "Шоқан Уәлихановында" Жайнақ, Малтабар, Ғабит Мүсіреповтің "Ақан сері-Ақтоқтысында" Қоңқай, Әбділда Тәжібаевтың "Майрасында" Уәли, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен терінде" Судыр Ахмет сияқты тағы басқа да көптеген рөлдері үшін оның есімі сахна өнерінің шежіресінде алтын әріптермен жазылып қалды.
Т. Жайлыбеков кино өнерінде де өшпес ізін қалдырды. «Мосфильм» киностудиясының "Ана мен гүлде" стансы бастығы, "Қанатты сыйлықта" пионер жетекшісі, "Солдат Иван Борвкин", "Иван Бровкин тың жерде" фильмдерінде Абаевты ойнады. "Қазақфильм" киностудиясының "Біздің сүйікті дәрігер", "Алдар көсе", "Абай", "Ақын арманы", "Өлместің оралуы", "Ағама арналған қалыңдық" пен басқа да көркем фильмдерде және бірқатар телефильмдерде әрқилы бейнедегі кейіпкерлерді жасады. Сондай-ақ көптеген көркем фильмдердің қазақ тілінде де сөйлеуіне үлкен үлес қосып, дубляж саласында да өнімді жұмыс жасады. Ерен еңбегі ескерусіз қалмай 1958 жылы Қазақ өнерінің Мәскеудегі онкүндігінде "Құрмет белгісі" орденімен марапатталып, 1966 жылы Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі атағына ие болды.