Алматыда қазан айының 1-нен бастап қала тазалығын сақтамағандарға айыппұл салынатын болады - Марат Кесекбаев

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда «Таза қала» акциясының қорытындысы жарияланды.

Алматыда қазан айының 1-нен бастап қала тазалығын сақтамағандарға айыппұл салынатын болады - Марат Кесекбаев

Естеріңізге сала кетсек, бұл шара қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен қыркүйек айының 1-де басталды. Оның мақсаты - үлкен мегаполис саналатын Алматы қаласының тазалығын сақтау, қаланың көркіне титтей де нұқсан келтіргендерді әшкерелеу. Акцияда қала тазалығын сақтамағандар, инфрақұрылымға зиян келтіргендер, жол қозғалысына қолбайлау жасап, қоқыстарды төккен не лақтырғандар әкімшілік жазаға тартылатындығы хабардар етілді.

"Шара барысында қаланың барлық аудандарында рейдтер өтті. 249 адам ҚР Кодексінің 387 бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды, оның ішінде 188 адамға ескерту жасалды. 61 адам жалпы құны 407 669 теңге болатын айыппұл төледі. Бір ай бойы БАҚ құралдары арқылы да, рейд барысында да барлығына ескерту жасалды, енді қазан айының бірінен бастап қатаң шаралар қолданылып, айыппұл салынатын болады. Жеке тұлғаларға жиырма айлық есептеу көлемінде, жеке кәсіпкер немесе заңды тұлғаларға, кіші және орта бизнес субъектілері мен коммерциялық емес құрылымдарға жиырмадан қырыққа дейін, ал ірі кәсіпкерліктің жеке тұлғасы болса елуден жүзге дейінгі көлемде айыппұл салынатын болады", деді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Марат Кесекбаев.

Оның айтуынша, бұл мәселені қоғам болып шешу керек. "Әр адам қаланың тазалығына атсалысса, шынымен де әсем қаламыз "таза қалаға" айналады", деп атап өтті ол. «Тазалыққа баулуды балабақшадан, мектеп қабырғасынан, үйдегі тәрбиеден бастау қажет».

Алматы қаласының ІІД-нің жол полиция басқармасы бастығының орынбасары Мұқан Досымбаевтің сөзіне қарағанда, рейд барысында 471 адамға әкімшілік шара қолданылып, нәтижесінде 2 миллион 477 мың 154 теңге айыппұл төленген. "Оның 1 миллион 842 842 теңгесі өндіріліп алынды", деді ол.