Алматыда "KAZGOR" жобалау академиясының 80 жылдығына арналған мерекелік кеш болды

АЛМАТЫ. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Жазушылар одағында "KAZGOR" жобалау академиясының 80 жылдығына арналған мерекелік кеш болды.

Алматыда "KAZGOR"  жобалау академиясының 80 жылдығына арналған мерекелік кеш болды

Қазақ жеріндегі құрылыс-жобалау ісінің тұңғыш ұжымы саналатын академияның мерейтойлық кешіне ардагерлер, әр жылдары жұмыс істеген мамандар, бүгінде қызмет жасап жүрген сәулетшілер мен олардың әріптестері қатысты. Кеш бай тарихы бар бұл ұйым туралы түсірілген деректі фильммен басталды.

"Мен ұзақ жылдар осында жұмыс істедім. Бізді ұйымның кадрларды сақтап, әр жұмысын жоғары дәрежеде іске асырып, өз беделін жоғалтпай келе жатқандығы қуантады. Бұл орайда институттың басшылығына дер кезінде келген Әбдісағит Тәттіғұловтың еңбегін айтқым келеді. Ол қиын кездері институтты жоғары талап деңгейіне көтере білді. 70-ші жылдардың соңында салынған Мәдениет сарайы, Орталық мемлекеттік мұражай, Офицерлер үйі, "Алатау" шипажайы, "Қазақстан" қонақүйі сынды кешендер мен нысандардың жобаланып тұрғызылуы елдің құрылыс индустриясының дамуына қосылған зор үлес ретінде әлі күнге дейін өз бағасын жоғалтқан жоқ. Қазірдің өзінде де қалаларымыздың келбетін ажарландыра түсетін ірі жобалар жасалуда. Бұл орайда Алматыдағы "Нұрлы тау" орталығын, Астанадағы "Нұрсая", "Триумфальный" кешендерін, "2500 орындық киноконцерт залын" және тағы да басқа жобаларды атасақ та жеткілікті", деді көп жылдар "KAZGOR" жобалау академиясында қызмет жасаған сәулетші Альбина Петрова. Оның айтуынша, академияны құрылыс саласының жетекшісі, тұрғын-азаматтық құрылыстағы жобалау ісінің көшбасшысы деп айтуға болады.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген "KAZGOR" жобалау академиясының президенті Әбдісағит Тәттіғұлов: «Академия бұл күнге қарқынды еңбекпен, шығармашылық жетістіктермен жетті. Біз көптеген жобалаушылар буындарының оң дәстүрін жалғастырып келеміз. Академия алғашқы боп зерттелмеген тың бағыт - баға белгілеу жұмысын қолға алды және бұл үдерісті әлі де жетілдіріп жатырмыз. Ол құжаттардың барлығы мемлекеттік тілге аударылып, басылып шықты, оның электрондық базасы да жасалды. Бүгінде академия қаланың бас жоспары мен азаматтық және өнеркәсіптік маңызы бар объектілерді жобалаумен айналысуда. Академия ХХІ-ші ғасырдың бірінші он жылдығында еліміздің құрылыс саласын реформалауға өз үлесін қосты. Біздің ендігі ұстанымыз бен міндетіміз - қазіргі заманның сынынан мүдірмей өту үшін әрқашан өсіп отыру, барлық кезде прогрестің алдыңғы шебінде болу», деді ол.

Жиын барысында ұйымның ең үздік қызметкерлері қала әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталып, оларға "ҚР құрметті сәулетшісі" және "ҚР құрметті құрылысшысы" төсбелгілері табысталды.