Алматыда ҚазҰПУ студенттері жазушы Д. Досжанмен жүздесті
Ы. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың, М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Дүкенбай Досжанмен жүздесті.
Кездесу барысында танымал жазушы студенттерге еліміз бен шетелдік әдебиет әлеміне қатысты лекция оқып, өмірлік еңбек жолы мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, университет кітапханасына «Терезенің жарығы», «Когда я умирал» кітаптарының бірнеше данасын табыс етті.
Талантты жазушының алғашқы әңгімесі 15 жасында жарық көрген еді. Қаламгердің кітаптары бұл күнде әлемнің 20 тіліне аударылып, жалпы көлемі 3,7 миллион таралыммен басылып шыққан. Кітап палатасының Қазақстандағы «Оқырманы қисапсыз жазушы» куәлігін алған. Оның қаламынан 11 роман, 23 хикаят, 100-дің үстінде әңгіме туды.
Ол 1959-1964 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМҰУ-ді үздік бітірді. 1963-1994 жылдар аралығында көптеген мерзімді баспасөздерде, баспаларда қызмет етті. 1994-1996 жылдары ҚР Авторлық және аралас құқықтар жөніндегі агенттіктің бөлім бастығы болды. Ал 1996-2002 жылдары ҚР Ұлттық банк мұражайының директоры болып істеді. Қазіргі уақытта 2002 жылдан бері Президенттік мәдениет орталығында «Мәдени мұра», «Культурное наследие» журналының Бас редакторы болып қызмет атқарып келеді.