Алматыда ҚазҰУ ғалымдарының экономикалық ғылымның дамуына қосқан үлесі туралы халықаралық конференция өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Маусымның 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақтың әл- Фараби атындағы білім ордасында «Қазақ Ұлттық университеті ғалымдарының экономикалық ғылымның дамуына қосқан үлесі» деп аталатын халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл шара ҚР ҰҒА академигі, экономист-ғалым, ұстаз Яхия Әубәкіровты еске алуға арналған. Оған Әзірбайжан, Германия, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Украина сияқты алыс-жақын шет елдерден ғалымдар қатысуда. «Экономика ғылымының докторы, профессор Яхия Әубәкіров әлемдік және отандық ғылым тарихына экономика саласындағы ірі маман ретінде енді. Академик Қазақстанның ғана емес бүкіл аймақтың оқу- әдістемелік, ғылыми- педагогикалық маман дайындайтын орталығына айналған Қазақ Ұлттық университетіндегі экономика факультетінің негізін қалаушылардың бірі. Ол іргетасын өзі салған экономикалық теория кафедрасын өмірінің соңына дейін басқарып кетті. Ғалымның соңында хаты мен аты қалады. Яхия Әубәкірұлының артында көптеген ғылыми еңбектері, жолын қуған әріптестері мен шәкірттерінен тұратын үлкен мектебі қалды», деді университет ректоры, техника ғылымының докторы Бақытжан Жұмағұлов.