Алматыда ҚазҰУ мерейтойына арналған велошеру өтті
АЛМАТЫ. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Алматыда кеше, қазанның 11-і күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтойына арналған велошеру өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Атакент» көрмелер орталығынан бастау алып, Тимирязов-Желтоқсан- Сәтбаев көшелері, сондай-ақ Достық және Әл-Фараби даңғылы бағыты бойынша өткен шеруге 500-ге тарта адам атсалысты. Сонымен қатар, бұл мерекелік бәйгеге Алматы әкімі Ахметжан Есімов те қатысты. Мәреге жеткендердің барлығы сертификаттарға ие болды.
Бұл велошеру ҚазҰУ-дің 75 жылдығын тойлауға арналған мерекелік іс-шараларды ашуға негіз болды. Алматы әкімі оқу орнының студенттерін, оқытушылар құрамын аталмыш мейраммен құттықтай отырып, ҚазҰУ еліміздегі ең ірі және бірегей жоғары оқу орындарының бірі болып табылатындығын атап өтті.
«Президентіміздің жүргізіп отырған саясаты - бұл еліміздің де саясаты. Республикамыздың өркендеуі үшін өз үлестеріңді қосуларың керек. Мен осылай боларына сенемін», деді А. Есімов студенттерге.