Алматыда Кеден одағындағы тамақ өнімдерінің техникалық регламенті талқыланып жатыр
Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Кеден одағының тамақ өнімдеріндегі техникалық регламенті» тақырыбындағы семинарда айтылды.
ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Рыскелді Сәтбаевтың айтуынша, 1 шілдеден бастап Кеден одағының техникалық регламенттерінің саны ұлғайды. Оның қатары - «Тамақ өнімінің қауіпсіздігі туралы», «Тамақ өнімі, оны таңбалау бөлігі туралы», «Астық қауіпсіздігі туралы», «Жемістер мен көкеністерден алынған шырын өніміне арналған техникалық регламент», «Май өніміне арналған техникалық регламент», «Диеталық, арнайы тағамдардың және емдік алдын алу тағамдарының қауіпсіздігі туралы», «Тағамдық қоспалар, дәмдеуіштер және технологиялық қосалқы заттар қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттермен толықты.
«Бүгінгі таңда Кеден одағындағы техникалық реттеу жөніндегі мәселелер бойынша нормативтік базалар жасалды. Былтыр 12 техникалық регламент, биыл жыл басынан бері 6 техникалқы регламент қабылданған еді. Енді 1 шілдеден бастап тағам өнімдеріне байланысты тағы 7 регламент қабылданып отыр», - дейді Рыскелді Сәтбаев. Оның сөзіне қарағанда, ең қажетті мәселе бизнесті осы техникалық регламенттерге дайындау. Өйткені олар бизнес оған дайын болса ғана жұмыс істейді. «Жалпы бірыңғай сертификат, декларация жасау арқылы біз бизнеске біршама көмек жасап отырмыз. Себебі қазақстандық өндірушілер Кеден одағының өзге мүшелері Ресей мен Беларусьқа барғанда өніміне қайтадан жеке сертификат алмайды. Бұл техникалық регламенттер мүше елдер арасында консенсус арқылы ғана қабылданып, барлық жерде жарамды болып есептеледі.