Алматыда келіншектен таяқ жеген балаға психологтың көмегі керек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 35 жастағы әйелден таяқ жеген 10 жастағы балаға психологиялық көмек қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда келіншектен таяқ жеген балаға психологтың көмегі керек

Жасөспірім бұл туралы адамдардың құқығын қорғау Ұлттық орталығының мамандарына айтқан.

Орталық қызметкерлері бүгін Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді.

 «Әлеуметтік желідегі видео қоғамда қызу пікір туғызғаны рас. Сондықтан, мен Астанадағы Адам құқығын қорғау Ұлттық орталығынан жедел жеттім. Біз аудандық полициямен, балалардың ата-аналарымен кездестік. Қазір сот  медициналық сараптамалар тағайындалды. Енді соның нәтижесіне қарай іс сотқа беріледі. Бала психологиялық көмекке мұқтаж. Бүгін оның анасынан рұқсат алдық. Енді онымен психолог жұмыс істейтін болады», - деді  орталықтың шағымдармен жұмыс басқармасының басшысы Ришат Рақымов.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, 35 жастағы әйелдің іс-әрекеті қоғамда ашу-ыза туғызған. Тіпті оның мекенжайын сұрағандар да бар.

«Бала қылмыс жазасыз қалмайтынын түсінуі керек. Біз ол келіншекпен де сөйлестік. Өзінің іс-әрекетіне өкініп отыр. Бірақ оның кінәсі қаншалықты екенін сот шешеді», - деді Адам құқықтары жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы директорының орынбасары  Роза Ақылбекова.

Таяқ жеген баланың ата-анасы басында арызданбақ ойы болмаған. Кейін бейнетаспаны көрген соң полицияға жүгінген.

Айта кетейік, 6 маусымда 35 жастағы әйел көршісінің баласын соққының астына алған. Бұл дерек подьездегі бақылау камерасына түсіп қалды.

Кейінірек сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркелді.