Алматыда Кенен Әзірбаевтың 125 жылдығына арналған концерттік кеш өтті
АЛМАТЫ. Желтоқсанның 1-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық театрында Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР-інің халық ақыны, КСРО Жазушылар одағы мен Композиторлар одағының мүшесі, Жамбылдың шәкірті, әрі ізбасары, әнші, әрі жыршы Кенен Әзірбаевтың 125 жылдығына арналған концерттік кеш өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеште Кенен атаның батасын алған ақындар, жазушылар, мұрасын жалғастырушы ақын-жыршылар сөз сөйлеп, Кенен Әзірбаевты еске алды. Концерттік бағдарламада Кенен Әзірбаев атындағы республикалық байқаулардың жеңімпаздары, еліміздің эстрада жұлдыздары, Қырғыз елінен келген әншілер Кенен Әзірбаевтың шығарған әндерін орындап, тойға әнмен шашу шашты. Мың бұралған бишілер кештің көркін аша түсті. Кеште Кенен Әзірбаевтың 12 жасында шығарған «Бозторғай» әнімен қатар, «Көкшолақ», «Базар, Назар», «Келінжан» және тағы да басқа әндері орындалды.
«Еліміздің халық ақыны, еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың 125 жылдық мерей тойы республикамыздың біршама жерінде республикалық ақындар айтысымен, «Шырқа дауысым» атты әндер байқауымен, тағы да басқа әр түрлі шаралармен, Талдықорған, Жамбыл облыстарында аталып өтті, алты томдық шығармалар жинағы шықты, ҚР Ұлттық кітапханасында Кенен Әзірбаевтың шығармашылығына арналған «дөңгелек үстел» жиыны ұйымдастырылды, арнайы көрмелер ашылды. Кенен Әзірбаев 150 астам шығармаларды өзі жазып, өзі орындаған айтулы өнер иесі тарихымызда мәңгілікке қалады», деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов.