Алматыда «Кеңес елдерінің өнері» көрмесі ашылды (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің орталық көрме залында «Кеңес елдерінің өнері» атты көрме ашылды.

«Кеңес заманы келмеске кетті. Бірақ, өнер қалды ғой. Әрине, суретшілер социалистік реализм шеңберінде еңбек етті. Соцреализм аясында Орталық Азия мен Кавказ елдерінде ұлттық кескіндеме өнері дамыды. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бұл туындылардан суретшілердің нағыз шебер екендіктерін байқаймыз.

Олар жарқын болашаққа сене отырып, сол кезеңдегі ахуалды дәл бере білуге тырысқан. Бұл картиналар қазір де көркемдік және коммерциялық құндылыққа ие», - деді өз сөзінде Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының ғылыми сараптама орталығының жетекшісі Камилла Ли.

Бүгінгі көрмеге «Қара гюрлә», яғни түрік тілінен аударғанда - «Қара найзағай» деп аталатын алматылық жеке антикварлық салонның 70-тен астам картинасы мен ондаған өте сирек кездесетін антикварлық бұйымдары қойылды.

Салонның иесі Хамзат Қарагюрлә бұл топтаманы 20 жылға жуық уақыт жинапты. Қазір, оның топтамасында кеңес заманына қатысты 700-ден астам картина бар.

Көрмеге КСРО-ның бұрынғы одақтас республикалары - Қазақ КСР-і, Қырғыз КСР-і, Өзбек КСР-і, Күнгей Кавказ республикалары - Грузин КСР-і мен Армян КСР-інің социализм дәуіріндегі туындылары ұсынылды. Олардың ішінде Қазақ КСР Еңбек сіңірген өнер қайраткерлері - Тоқболат Тоғызбаев пен Борис Пактың, Қазақ КСР халық суретшісі Нағымбек Нұрмұхаммедовтің, КСРО Суретшілер одағының мүшелері Хамза Қиқымов пен Валентин Ткаченконың, Қырғызстаннан - Қырғыз бейнелеу өнерінің негізін салған КСРО Халық суретшісі Сергей Чуйковтың, Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Виктор Тюриннің, Өзбекстанның даңқты суретшілері - Петр Мордвинцевтің, Нығмат Күзібаевтың, Р. Ахмедовтің, Грузияның белгілі шеберлері Р. Тордияның, Михаил Хвитияның және басқа да суретшілердің жұмыстары бар.

Көрме 15 сәуірге дейін жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар
telegram