Алматыда Кеңес одағы кезінен бері тұрғын үй кезегінде тұрған 14 400 адам бар
АЛМАТЫ. 9 тамыз. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда Кеңес одағы кезінен бері тұрғын үй кезегінде тұрған 14 400 адам бар.
Бұл туралы бүгін қалалық Тұрғын үй басқармасының бастығы Қайрат Нұрқаділов айтты.
«Бұл азаматтар жыл сайын кезегінің жетуіне қарай пәтер алып жатыр. Бұл кезектегі азаматтарға жылына 250-300 пәтер беріледі. Қазір тегін дүние жоқ. Сондықтан кезегі жеткен азаматтарға үйлер жалға беріледі. Жалдау құны 1 бөлме үшін 2400 теңге және коммуналдық қызмет ақысы, 3 бөлмелі пәтер үшін 3500 теңге мен коммуналдық қызмет ақысын төлейді»,- деді Қ.Нұрқаділов.
Оның сөзіне қарағанда, қалада тегін баспанаға тек ҰОС-ы, Ауған соғысы ардагерлері, 1,2 топ мүгедектері, Чернобль апатын жоюға қатысушылар, Арал мен Семей полигоны маңының тұрғындары қол жеткізе алады. «Бұл ретте Алматыда тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлерін пәтермен қамтуды 2 рет аяқтаған болатын. Алайда, қалаға көшіп келетін ардагерлер есебінен соңғы 5 жылда 110 ардагер кезекке тұрды. Былтырғы жылы 101 ардагерге пәтер берілді. Енді кезекке тағы 40 ардагер тұрды», дейді Қ.Нұрқаділов.